Елдің болашағын көркейтіп, өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде өзіндік қолтаңбасы бар білім ордасы - Жәлел Қизатов жоғары ауыл шаруашылығы колледжіне 100 жыл. Іргесі бекіп, керегесі кеңейген, мерейі тасып, ғасыр жасаған, ұлағаты мол білім шаңырағының тарихы әріден бастау алатын білім ордасы. Бүгінгі таңда колледж өңіріміздегі ауыл шаруашылығы саласына мамандар даярлайтын алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі.
Бүгін, 2023 жылдың қазан айының 20 -сы күні колледж 100 жылдық мерейтойға арнап үлкен іс-шара өткізді. Акт залында оқу мекемесінің қадірменді қонақтары, колледждің түлектері: белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері Трошихин М.В., Едресов К. Е., Баширов Ж. К., Омаров Т. С., Притчин В. А., Қазбеков Ж. К., Житенко В. М. және басқалары жиналды.
Сондай-ақ, бүгін колледжге оқу орнының құрметті қонақтары келді: Құдайберген Қалиұлы Қалиев, Берік Елубайұлы Аюпов, Кемел Қарашұлы Оспанов, Мұрат Қабдрахманұлы Жарылғапов.
Сан жылдар бойы болашақ мамандарды тәрбиелеп, кәсіби мамандарды даярлауда адал еңбек еткен ұстаздар мен еңбек ардагерлеріне құрмет грамоталары табысталды: Лапина В. Ф., Лапина Р.А., Ждаморева Т. И., Толстоеева Н. Н. және басқалар. Елдің түкпір-түкпірінен келген колледждің түлектері құттықтаулар айтып, жылы лебіздерін білдірді. Ермек Серкебаев атындағы өнердегі дарынды балаларға арналған мамандандырылған өнер колледжі – мектеп-интернат оқытушылары мен студенттері мерейтойға қатысушылар алдында әсерлі де жарқын концерттік бағдарлама қойып берді.
Іс-шара соңында колледжден ұшқан ғұлама түлектер «Түлектер аллеясына» көшеттер отырғызды.
Колледжді сағына келген түлектер үшін мұражайдағы фотоальбомдардан «Естелік алаңы» ұйымдастырылған болатын. Әркім өз оқыған кезеңдегі суреттерді қызықтап, студенттік кездерін еске алды. Еліміздің әр түкпірінен жиналған оқу бітірушілер туған оқу орны қабырғасында бір-бірімен қайта сағына қауышты.
Оқу орнына келген қонақтарымызға мекеменің жаңа материалды- техникалық оқу-құралдарымен жабдықталған, оқу кабинеттері мен зертханаларына экскурсия жүргізілді.
Оқу орнымызда әлі де осындай игі істер жалғасын табады деп сенеміз. Өскелең ұрпаққа берген біліміміз бен тәрбиеміз, келешекте еліміздің өркендеп өсуі мен дамуына ықпал жасасын деп тілейміз!





